Маңғыстау облысында суға шомылу маусымында 5 адам суға батып кетті. Оның ішінде 1 жасөспірім бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдай департаменті Азаматтық қорғау басқармасының бастығы Саят Батталовтың айтуынша, биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 адамға аз. 2021 жылдың осындай уақыты ішінде 7 адам суға батып кеткен еді.
Биыл құтқарылған адам саны да көбейген.
- Мобильдік бекеттер санының 11-ге дейін өсуінің арқасында 48 адамның, оның ішінде 14 кәмелетке толмағандар құтқарылды. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда құтқарылғандар 29 адамға көп немесе 2,5 есеге артып отыр (2021 жылы 19 адам құтқарылды). Мобильді бекеттер күн сайын жағалау аймағының адамдар ең көп шоғырланатын және қауіпті аймақтарында қойылды. Бұл практика жыл сайынғы негізде қолданылатын болады, - деді Саят Батталов.
Жаз маусымында Департамент 7550 қызметкерді тарта отырып, 824 патрульдеу және рейд жүргізген.
Рейдтер барысында ішкі істер органдары әкімшілік айыппұл сала отырып, 74 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
- Суға шомылу маусымы кезеңінде судағы қауіпсіздік шаралары туралы барлығы 86 мың данадан астам үгіт өнімі таратылды. 63 тыйым салу белгісі мен 92 стенд орнатылды. Онда суда орын алған қайғылы оқиғалардын статистикалық мәліметтері көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында 2475 ақпарат таралды, - деді Саят Батталов.
Айта кетейік, биыл шомылуға тыйым салынған аймақтар 6-дан 10-ға дейін өскен, оның ішінде Ақтау қаласында - 2, Қарақия - 3, Мұнайлы - 1, Түпқараған аудандарында - 4.