Беларусь ІІМ делегациясының Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне сапары аясында екі ел министрлері Марат Ахметжанов пен Иван Кубраковтың кездесуі өтті. Министрлер өзара бірлескен жұмыс, іс-қимылдардың нәтижесі мен алдағы жоспарларды талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кездесу барысында Беларусьтің ішкі істер министрі Иван Кубраков қазақстандық тәртіп сақшыларын марапаттады. Ол Маңғыстау облысы ПД Мұнайлы аудандық патрульдік қызметінің қызметкерлері Мақсат Қадырбай мен Жанболат Тәжібаевқа қиын жағдайда Беларусь азаматына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, жазда патрульдік полиция қызметкерлері түнгі кезекшілік кезінде жол жиегінде отырған ер адамды байқап, одан “көмек керек пе” деп сұрады. Белгілі болғандай, саяхатшы Беларусьтен Ақтауға жаяу шыққан. Ол теңізді көргісі келген. Жолда ер адам қаржылық қиындықтарға тап болған. Полицейлер саяхатшыны қиын сәтте қалдырмай, оны қонақ үйге орналастырып, тамақтандырып, ал келесі күні шетелдікті теңіз жағасына апарып тастаған.
Иван Кубраков офицерлердің әрекетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Министр оларды Беларуське шақырып, оларды көруге әрқашан қуанышты болатынын айтты.