"АMANAT" партиясының Маңғыстау облыстық филиалы мен "Жастар рухы" жастар қанаты бірлесіп, жарты күнде жарты тонна жылу жинады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Гуманитарлық көмекті жинауға облыс тұрғындары, кәсіпкерлер, партия мүшелері мен белсенді азаматтар атсалысты.
Атап айтқанда, 10 қап ұн, 100 келі макарон, 40 литр сұйық май, 30 келі тұз, 10 қап қарақұмық, 5 қап күріш, 20 банка консерленген ет, 6 қап қант, 20 келі шай, 6 қорап тәтті және химиялық тұрмыстық заттар, киім-кешек жинады.
Еске сала кетейік, "AMANAT" партиясының Маңғыстау облыстық филиалы таңертең штаб құрып, ақпараттық жұмыстарды жүргізді. Қазіргі таңда барлық аудан, қалада штаб жұмыс істеп тұр. Ал Ақтау қаласы бойынша екі жерде гуманитарлық көмек қабылданып жатыр. Қол ұшын беруге ниетті тұрғындар 17 шағынаудан 50/1 қалалық "AMANAT" партиясының ғимаратына және 6 шағынаудандағы "Жастар үйіне" ұзақ сақталатын азық-түлік, гигиеналық заттар, жылы киім-кешек және медициналық құрал-жабдықтарды әкеле алады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА