Экономикалық тергеу департаменті тарапынан қаржы пирамидасының барлық белгілері бар «Атамекен» тұтыну кооперативіне қатысты іс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасында өткен баспасөз жиынында айтылды.
- «Атамекен» кооперативі салымшыларға схема бойынша мүлік пен көлікті бөліп сатып алуды ұсынады. Салымшы кіру жарнасын төлеп, мүлік құнының жартысын бірден салуы керек, сонда алты-тоғыз ай ішінде пирамида толық сомманы салымшыға беруге міндеттеме алады. Алайда қарыз беру банк қызметінің жекелеген түрі болып табылатынын есте сақтау керек. Және бұл лицензияланатынын түсіну керек. Өз кезегінде «Атамекеннің» лицензиясы жоқ, - деді дейді Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Балнұр Есенгелдинов.
Балнұр Есенгелдиновтің сөзінше былтыр сәуір айынан бастап жұмыс істегенімен кооперативтегі 1100 салымшының ешқайсысы мүлік алмаған. Ал кәсіпорынның қатысушылардың салған қаражатынан басқа кірісі жоқ.
Маңғыстау облысы прокурорының бірінші орынбасары Марат Тойжанның айтуынша «Атамекен» кооперативінің негізін қалаушы салымшылардың 40 миллионға жуық қаржысын иемденген. Бұдан бөлек 13 өңірде кооперативтің бөлімшесін ашып үлгерген. Сондықтан бірқатар өңірде тергеу барысында келтірілген шығынның нақты сомасы анықталады. Марат Тойжан алаяқтық қылмысты ашу ұзаққа созылатынын және өте күрделі екенін айтады. Өйткені елден тыс аймақта жүрген күдіктінің жеке тұлғасы мен мекен-жайын анықтау оңайға түспейді. Сондықтан мұндай пирамидаларға салынған қаржыны қайта өндіру кей кезде мүмкін болмайды. Әдетте ақшаның кімге, қай елге, қандай шотқа жолданғанын анықтау нәтижесіз.
Егер сіз немесе сіздің таныстарыңыз бен туыстарыңыз қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен болса, қаржы мониторинг агенттігінің 8 7172 708478 телефоны және Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаментінің 40 36 59 сенім телефондары арқылы хабарласу сұралады.