Ел басына күн туған зұлмат заманда ұлан-ғайыр атырабты ұрпаққа мирасқа қалдыруды мұрат тұтқан баһадүрлер ерлігін ұлықтау, есімін ел жадында жаңғырту, жалпы тарихи ақтаңдақтарды толтыру арқылы ұлттық сананы жаңғырту мен қоғамдық дамуға тың серпін беру - бүгінгі күннің басты міндеті бола бермек.
Конституция күні қарсаңында ұрпаққа ұран болған ұлы бабалар ерлігінің тарихи әділ бағасын беруде аса маңызға ие, көптен бері дүйім жұрттың көкейінде жүрген жауапты істің орайы келгелі тұр. Ақтау шаһарының көрнекті жерінде биік тұғырға ерлігімен есімі аңызға айналған Шотан батырдың айбынды тұлғасы орнап, еңселі ескерткіші бой көтермекші.
Шотан батыр (1705 - ө.ж.б.) - Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Адай руынан шыққан батыр. Шотанның әкесі Назар - би әрі батыр болған тұлға. Жоңғарға қарсы қол бастаған. Назар Әйтеке бидің жиені және жақын досы болған. Ол Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ақылдастар алқасына басшылық жасап отырған.
«1723 жылдың ерте көктемінде Сыбан-Раптанның жүз мыңнан астам мұздай қаруланған әскері қазақ еліне баса көктеп кіреді. Әбілқайыр қалмақ қолымен Қаратаудың Сұғындық асуында кез¬деседі. Осы соғыста Шотан өзі¬нің ерекше ерлігімен көзге түс¬кен болатын. Соғысты алыс¬тан бақылап тұрған Әбілқайыр ас¬тында жүйткіген шұбар аты бар, өте жылдам қимылдайтын бір жігіттің қалмақтың ұйыққан ортасына қойып кетіп, жайратып шығып жүргенін көріп және артындағы бес жүздей нө¬ке¬рі¬нің одан екі елі қалмай жауға үл¬кен шығын келтіріп, жапырып бара жатқанына қуанып, қасын¬дағылардан сұрағанда, қа¬сын¬да тұрған Мырзатай: «Ол Назар ағаның баласы Шотан ғой, үл¬кен ұрысқа бірінші кіруі», дей¬ді. Сонда Әбілқайыр: «Бірінші соғы¬сып тұрғаны мынадай болса, бұдан кейінгі соғыстарда аман болса қалмақтарға жіберген Алланың жаналғышы десейші!» – деп басын шайқап күліп, ризалығын білдіреді»,- деп бейнелей баяндайды жазушы Доқтырхан Тұрлыбек.
Қиян-кескі жорықтарда жауға қарсы тойтарыс берген ержүрек Шотан Назарұлының өмірі мен батырлығын тарихи тұғырда жан-жақты зерттеп, қалам тербеген жан – Бектұр Төлеуғалиев. Жазушы «Бас сардар» кітабында Шотан батырдың алапат күшін ерекше сипаттайды:
«...Шотанның жоңғарлармен соғысқанда екі қапталында екі жолбарысының бірге жүріп оқ басқа да сілтенген қаруларды қағып, дарытпай отыратыны алғаш рет Аңырақай шайқасында Қабанбай батырдың ғана көзіне көрінген-ді. Сол кезден бастап Шотанды – Қабанбай батыр өзінің туған інісінен бетер іш тартып, ағалық құшағын ашып тұратын-ды...»
Халық батыры Ер Шотан Назарұлының шұбар ат үстіндегі еңселі ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі Ақтау қаласы, Әуежай-Нұрас көлік жолының бойында 28 тамыз күні, сағат 11:00-де өтеді.