Маңғыстау облысында үй жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Чиптеу негізгінен жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және мал ұрлығының алдын алуға бағытталған.
Мал шаруашылығымен айналысатын мал иелерінің басты міндеті - малды чиптеу, оны көзден таса қылмай, үнемі бақылауда ұстау. Қазіргі таңда өңірде 1204 шаруа қожалығы тіркелген. Тәртіп сақшылары ветеринариялық мамандармен бірге шаруа иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Облыста 198 мың 326 малға қатысты қауіпсіздік шаралары сақталған. Оның ішінде 115 мыңнан астамы чиптелген, ал 2914 ірі қара малға арнайы бау тағылған. Сондай-ақ, 99 мыңға жуық мал таңбаланған.
Осы белгілерді енгізу көптеген мәселелердің алдын алуға ықпал етеді. Малдың із-түзсіз жоғалуынан және жол апатынан қорғайды. Сонымен қатар, бұл белгілер бақылаусыз жайылып жүрген жануардың иесін анықтауға көмектеседі.
Маңғыстау облысының полиция департаменті шаруа қожалықтарының иелерін сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады!
Мал иелері өз малдарын ауыл шаруашылығы басқармасы мен ветеринарлық станция бөліміне есепке қою қажет. Олай болмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз.