«Каспий» ӘКК тиімсіз жобаларды қаржыландырған. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Біз осымен екінші рет «Каспий» ӘКК қызметіне сыртқы талдау жұмыстарын жүргіздік. ӘКК тиімсіз жобаларды қаржыландырып келген. Мәселен, 2020 жылы ӘКК «Полимерлік қаптама шығару» жобасын қаржыландыру туралы шешім қабылдаған. Талдау барысында жобаның құрылысын аяқтау мен іске қосудан бұрын, құзырлы органдар тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға рұқсат берілмегені анықталды. Аталған проблемаларға қарамастан ӘКК «Полимерлік қаптама шығару» жобасы үшін 2 рет 6%-бен шикізат өндірісіне – 12 млн.теңге және айналым қаражатын ұлғайту үшін - 13,9 млн. теңге қаржы бөлген. Алайда 2021 жылы аяқталуы тиіс зауыт осы күнге дейін пайдалануға берілмеген, шартта көзделген тауарлар көлемі шығарылмаған, табыс түспеген», - деді Қуаныш Мырзағали.
Сонымен қатар «Ақтау қаласының автобус паркін жаңарту» жобасы кезінде де тәуекелдер анықталған. ӘКК жобаны іске асыру үшін 18 автобусқа аванстық төлем жасау арқылы сатып алуды жоспарлаған. Кейін 40 млн теңгеге автобустар сатып алынып, тасымалдаушылар арасында бөлінбей, басқа ЖШС-ға негізсіз берген.