Облыс орталығындағы көшелердің бойына 10 конструкция орнатылды. Онда қанатты сөздер арқылы қала тұрғындары мен қонақтарын коммуналдық қызмет жұмысшыларының еңбегін құрметтеуге, Ақтаудың тазалығын сақтауға шақырады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сонымен қатар билбордтардың бірінен күнделікті тазалық жұмыстарының жүріп жатқанын, енді бірінен еңбеккерлердің фотосуреттерін көруге болады.
“Мақсат – тұрғындарға қаланың тазалығына бейжай қарамауды насихаттау, әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу, ұрпақ санасына тазалықтың маңыздылығын сіңіру. Бұл шара арқылы коммуналдық қызметтегілердің қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіргіміз келді. Олар тұрғындардың мекемеге берешек қарызына қарамастан қоқыс шығаруды тоқтатпай, тіпті демалыс күндері де жұмыс істеуде. Сондықтан жұмысшылардың еңбегін бағалап, қаламызды таза ұстауды әркім өзінен бастаса деген тілегіміз бар”,- деді Ақтау қалалық ішкі саясат бөліміндегілер.