Бүгін, 26 шілдеде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» бірлесіп іске қосылған «Zhas project» жобасына қабылдау басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл ақпаратты Маңғыстау облыстық ҚКО-да өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ұлықпек Тналиев пен аталған жобаның басшысы Наурызбек Мағдатов айтты.
- «Zhas project» жобасы Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске асырылуда. Жоба жастардың белсенді өкілдеріне өздерін көрсетуге, өңірдің және жалпы қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға жақсы мүмкіндік болып табылады. Осы бағдарламаны іске асыру кезінде бүкіл республика бойынша мыңдаған идеялар іске асырылды, жаңа жұмыс орындары ашылды, әлеуметтік жобалар іске асырылды, - деді Ұлықпек Тналиев.
Оның айтуынша, бұл жобаның Маңғыстауда сәтті іске асуы – «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігіне жүктелген. Себебі осы бірлестік Республикалық конкурсқа қатысып, алты ұйымның арасынан жеңімпаз болып шыққан.
Жоба аясында жастарға өзінің кәсібін ашып, дамыту үшін 1 млн теңге қаражат беріледі.
- Шағын гранттар конкурсына қатысуға Маңғыстау облысының аумағында кемінде 3 ай тұрақты немесе уақытша тіркелген, 18 бен 28 жас аралығындағы жастар шақырылады. Конкурста халықтың осал топтарындағы жастарға басымдық беріледі. Жобаны жүзеге асыру 3 айға созылады.
Конкурсқа өтінімдерді қабылдау бүгін, 26 шілде басталып, осы жылдың 10 тамызына дейін жалғасады. Өтініш беру үшін қажетті ең бірінші қадам - сіздің әлеуметтік жобаңыздың идеясын табу. Жастар жобаларының бағыттарының ауқымы өте кең, бірақ ең бастысы, жоба өз қаласына, ауданына немесе ауылына нақты көмек көрсете алуы керек.
Қатысушылар өз жобасының қай бағытта болатындығын шешкеннен кейін, біздің веб-сайтта тіркеліп, өз өтінімдерін беруі керек. Барлық тіркелген өтінімдер екі кезеңдік іріктеуден өтеді: алдымен, техникалық іріктеу – мұнда жобаның негізгі талаптарға сәйкестігі сараланады Бұдан өткен жобалар конкурстық комиссияның іріктеуінен өтеді, - деді «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Zhas project» жобасының Маңғыстау облысындағы басшысы Наурызбек Мағдатов.
Айта кетейік, толық ақпарат www.zhasproject-mangystau.kz сайтына жарияланды. Сонымен қатар, жобаға қатысу осы сайт арқылы жүзеге асады.