© jv.ru
Тұрғындар сапбордты жалға берушілердің жауапсыз әрекетін сынға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
- Өз басым сапбордпен жүзу спортын ұнатамын. Бірақ, бұл спорт естияр ересектер үшін қауіпсіз. Ал бұрын-соңды мұндай спортпен айналыспаған жасөспірімдерге сапбордты табыстау немқұрайлы қатынастың көрінісі.
Жалға берушілер судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек, жел күшейген кезде немесе дауыл туралы ескерту жасалған кезде сапбордтар берілмеу керек.Жастар ережелерді елемейді. Оларды ешкім жауапкершілікке шақыра алмайды, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Баян Әділова.
Естеріңізге сала кетейік, жаздың басында сапбординг тақтасына мінген 17 жастағы жас жігіт суға батып кетті. Қайғылы оқиға Ақтаудағы Приморский кенті маңындағы Солдат жағажайында орын алды. Өткен аптада құтқарушылар судан тоғыз адамды шығарып алды.
- 15 шілдеде құтқарушылар сапбордпен теңізде жүзіп, жағаға жете алмай қалған 1991, 1993 жылы туған екі қыз бен жігітті жағаға қайтарды. Бірнеше сағаттан кейін дәл осындай жағдай қайталанып, 1-шағын аудандағы жігіт пен екі қыз құтқарылды. 16 шілдеде 1 шағын ауданда үш әуесқой спортшыға көмек қажет болды — олар да өз бетінше тақтада жүзе алмады,-деп хабарлады Маңғыстау ТЖД баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Саят Баталовтың айтуынша, сапбордты жалға берушілердің жұмысын бақылау олардың құзіретіне кірмейді, олардың қызметін жергілікті атқарушы органдар бақылайды.
— Біз бұл мәселені көлік инспекциясымен пысықтап жатырмыз. Біз өз тарапымыздан тек кеңес бере аламыз. Біздің міндетіміз – судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Құтқару кеудешелерінің болуы міндетті болып табылады, тұрғындар белгілі бір межеден кейін жүзбеуі тиіс. Мұндай жауапсыздықтың соңы қайғылы жағдайға душар етуі . Екі немесе одан да көп адамға сапбордтарға, ауа төсеніштеріне және басқа жүзу құралдарына мінуге қатаң тыйым салынады, өйткені тепе-теңдікті жоғалту және суға түсу ықтималдығы жоғары. Төтенше жағдайларда жағаға оңай жүзудің қамын жасаңыз. Ешқашан желге қарсы жүзбеңіз, әйтпесе жағаға оралу қиын болады. Егер жел тұрса, дереу жағаға қарай беттеңіз, әйтпесе сізді теңіз ағыны алып кетеді", — деді Саят Баталов.