Республикалық білім беру гранттарымен қатар, Атырау және Маңғыстау облысының түлектеріне қосымша 10 мың грант бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Брифингте Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi, Сүлейман Демирел атындағы университеті (Алматы), А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Логистика және көлік академиясы, Павлодар педагогикалық университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері жоғары оқу орындары туралы ақпаратпен таныстырды.
Мәселен, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті 5 мамандыққа бөлінген гранттарды атап өтті.
- Маңғыстау облысының түлектеріне арналған 5 білім беру топтарына ақпараттық технологияларға – 15 орын, электр техникасы және энергетика – 19 орын, электр техникасы және автоматтандыру – 19 орын, механика және металл өңдеу – 15 орын, автокөлік құралдары – 6 орын, азық түлік өнімдерінің технологиясы – 10 орын бөлініп отыр. Білім алушыларды әлеуметтік-тұрмыстық қолдау мақсатында 10 студенттік үй қызмет көрсетеді, - деді Жансая Төкенова.
Ал, Сүлеймен Демирел университетіне
Атырау-Ақтау квотасы бойынша 56 грант бөлінген.
- Университет Алматы облысы, Қаскелең қаласында орналасқан. 56 грант: математика, педагогика, ғылыми математика, қазақ тілі мен әдебиеті және химия, биология сынды мамандықтар бойынша беріледі. Қолданбалы құқық, халықаралық құқық және қазақ тілі мен әдебиетінен басқа барлық мамандықтар ағылшын тілінде өтеді. Біздің жатақханаға жылына 400 мың теңге төлейді. Университеттің жанында орналасқан,-деді Сұңғат Амангелдиев.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өңірдегі Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетімен бірігіп білім беру бағдарламасын жасаған.
- Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, электр энергетикасы, көлік, көліктік техника және технологиялар, механика және металл өңдеу. Егер түлектер осы бірлескен білім беру бағдарламасына түссе, 1-ші курсты Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде оқиды. Ал қалған оқу мерзімін Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткізеді,-деді Гүлнұр Қонарбаева.
Ал, Ақмола облысындағы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетiне 200-ден астам грант бөлінген.
-Шет тілі, география, гуманитарлық пәндер, химия, биология, физика, математика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлауға, ақпараттық қауіпсіздік, механика және металл өңдеу, тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, әлеуметтік педагогтарды даярлау, бастауыш, қоршаған орта мамандықтары бойынша грант бөлінді, - деді университет өкілі Ақбота Бексейітова.
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне де 230 грант бөлінген.
- Қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, гуманитарлық пәндер, химия, биология, физика, математика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлауға, ақпараттық технологиялар, механика және металл өңдеу, стандарттау, сертификаттау және метрология, педогогика және психология, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, бастауыш, қоршаған орта мамандықтары бойынша грант бөлінді,-деді Қарлығаш Нұрмұхаметова.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне Атырау, Маңғыстау түлектері үшін 319 грант қарастырылған.
- Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, гуманитарлық пәндер, химия, биология, физика, математика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлауға, жер туралы ғылым, математика және статистика, механика, ақпараттық технологиялар, коммуникация және коммуникациялық технологиялар, электр техникасы және энергетика, педогогика және психология, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, бастауыш, арнайы педагогика, қоршаған орта, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, химиялық инженерия және процесстер мамандықтары бойынша грант бөлінді, - деді Жәнібек Жартай.
Логистика және көлік академиясына 50 грант, Павлодар педагогикалық университетіне 109 грант бөлінген.
Талапкерлерге қойылатын негізгі талап: міндетті түрде Манғыстау облысының биылғы талапкері болу керек. Оған қоса, 2022 жылдың 16 мамыр және 5 шілде аралығында өткізілген Ұлттық біріңғай тестілеу сертификаты болуы тиіс.
Айта кетейік, білім беру гранттары жөнінде ақпараттық түсінік алу үшін әр мектепте кеңес беру пункттері ашылды. Онда ҰБТ-дан тиісті шектік баллды жинаған түлектер өз мектептеріне барып, қажетті ақпаратты алуға болады.
20 шілдеге дейін мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін ұлттық ЖОО-ға түсуге тестілеу нәтижелері бойынша – кемінде 65 балл, «Педагогика» мамандықтарына кемінде 75 балл, «Ауылшаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» мамандықтары топтары бойынша – кемінде 60 балл, басқа ЖОО-ға – кемінде 50 балл, «Жалпы медицина» мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 65 балл, оның ішінде негізгі және бейіндік пәндерден кемінде 5 баллдан төмен болмауы қажет.