Кәсіпкерлік өкілдеріне қатысты кез-келген тергеуді қосымша келісуді көздейтін алгоритм әзірленді. Негізсіз ұстауларға, тінтулерге, ақпарат алуға жол бермеу мақсатында қызметкерлердің іс-әрекеттеріне бақылау қатаңдатылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.
Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағалидің айтуынша, бизнес өкілдерін қылмыстық орбитаға негізсіз тартуға ерекше мән берілуде.
«Агенттік төрағасы кәсіпкерлердің құқығы бұзылған жағдайда аумақтық департамент басшыларын лауазымдарынан босатуға дейінгі жауапкершілігін ескертті. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша бірер мысал ретінде атап айтсам, облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің «Колсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты заңсыз әрекеттері анықталды. Аталған департамент Жармыш ауылының суқұбырын жөндеу бойынша 254,4 млн. теңгелік келісімшартты бұзуға негізсіз тапсырма берген. Кәсіпкер уәкілетті орган басшылығының қатысуымен жеке қабылданып, бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты,» деді Қуаныш Мырзағали.
Сондай-ақ, спикер брифингте сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шараларына тоқталып өтті.
«Жемқорлыққа қарсы қоғамдық жұмыстарды алға қоймай бұл мәселеде ілгерілеу мүмкін емес екені белгілі. Сол себепті, облыстық қоғамдық кеңестің жанынан, Ақтау мен Жаңаөзен қаласы және барлық аудандық қоғамдық кеңестердің жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде,» деді Қуаныш Мырзағали.
Бұдан бөлек, Департамент мамандарымен мемлекеттік қызметшілерді тергеу изоляторына апару шарасы жүзеге асуда. Осы уақытқа дейін Мемлекеттік кірістер, Әділет, Табиғи монополияларды реттеу департаменттері, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі, Ветеринариялық бақылау және қадағалау, Көліктік бақылау инспекциялары, облыс әкімдігі, әскери полициясының басшылық құрамы мен қызметкерлері қылмыстық жазасын өтеу орындарын және жазасын өтеушілердің тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көрген.