Бұл туралы Маңғыстау облысының полиция департаментінде өткен жедел кеңесте айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел кеңес барысында күн тәртібінде екі үлкен мәселе қаралды. Оның бірі – өңірдегі жол қауіпсіздігі, екіншісі – бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы.
Өңірімізде тіркелген қылмыстар саны 6,6%-ға төмендеп, құқық бұзушылық деңгейі де қысқарған. Жалпы алғанда өңірде, аса ауыр, орта, жеңіл санаттағы қылмыстар саны төмендеді. Қылмыс ашу көрсеткіші 1,4%-ға жақсарған.
Кеңес отырысында 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жедел-қызметтік іс-әрекеттің қорытындысы шығарылды. Маңғыстау полицейлері қызметінің қорытындысы туралы ведомство бастығы Аян Дүйсембаевқа баяндады. Кеңесте тәртіп сақшыларының қызметінде кездесетін басты мәселелер талқыланып, шешу жолдары белгіленді.
- Есептік мерзімде Меморандумда және ІІМ-нің стратегиялық жоспарында көзделген барлық нысаналы индикаторларға қол жеткіздік. Маңғыстау облысындағы жедел жағдай тұрақты, - деп атап өтті өңірдің бас полицейі.
Ол қатысушыларға ІІМ-нің 14 шілде күні өткен кеңейтілген алқа отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың қойған міндеттерін жеткізіп, сын-ескертпелері мен жаңа бағыттағы жұмыстар бойынша талап қойды.
Жол-көлік оқиғаларын азайту бағытында қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, 6 айда облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда өскен. Алайда, полицейлер бұл бағыттағы алдын алу және болдырмау жұмыстарын әлі де күшейтпек. Атап өтсек, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі 50% жаяу жүргіншілердің қатысуымен қала-аудандардың, елді-мекендерінің ішкі жолдарында болған.
Мал ұрлығы елімізде, оның ішінде облысымызда өзекті мәселелердің біріне айналды. Ағымдағы жылы тіркелген мал ұрлығы қылмыстарының барлығы ашылған. Полицейлер мал иелерімен бірлесіп мал басын бірдейлендіру, қылмыстың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарып жатыр.
Сондай-ақ, мектептердегі бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері де отырыс барысында ерекше аталып өтті. Қазіргі уақытта облыстағы 147 мектептің бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Одан бөлек, облыс орталығында адамдар көп шоғырланатын 5 мекен-жай бойынша SOS-батырмалар қойылды.
Жедел кеңесте ведомство бастығы жиынға қатысушыларға ҚР Президенті мен Министрлік тарапынан артылған сенімнің зор екенін қаперге беріп, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.