Ақтаудағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының қатары толықты. Отан алдындағы борышын өтеуге келген 170-тен астам сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты. Шақырылғандарға әскери бөлімнің казармасы мен асханасы, қару-жарақ пен әскери техника үлгілері көрсетілді. Жауынгерлер қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетті. Әскери қызметшілердің шығармашылық тобы мерекелік концерт қойды.
Сарбаздарды бригада командирі Марат Құдабаев құттықтады. Ол әрбір әскери қызметші үшін бұл күн ерекше және мәңгі есте қалатынын атап өтіп, сарбаздарға
өз міндеттерін адал және жауапкершілікпен атқарып шығуын тіледі.
Сарбаздар ант қабылдағаннан кейін, бөлім басшылығы олардың туыстарымен және жақындарымен әңгіме жүргізді. Сұхбат барысында олар өздерін толғандырған барлық сұрақтарын қойып, жауап алды. Аталған шара әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай өткізілді.