Қызылтөбе ауылының тұрғындары облыс орталығына қатынайтын 103-маршрутты көбейтуді сұрайды. Бұл туралы олар облыс әкімінің телеграм-каналында жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Тұрғындар сауалына жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері жауап берді.
- Басқарма тарапынан аталған маршруттың тасымалдаушысы «АдайТрансКом» ЖШС-нің қызмет көрсетуіне ешқандай кедергі жоқ. Заң талабына сәйкес тасымалдаушы негізгі және қосалқы құрамдағы автобустарды көбейту қажет. Тасымалдаушы мекемеге тұрғындардың өтінішін жеткіздік, - дейді жауаптылар.
Басқарма мамандары 8 маусым күні тасымалдаушыларға мониторинг жүргізу кезінде №103 бағыттағы автобустардың бірі жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысып жүргендігін анықтаған. Нәтижесінде 296 ACB мемлекеттік белгісімен «ПАЗ» автобусы айып тұрағына қамалып, әкімшілік айыппұл салынған.