Бүгін Жаңаөзен қалалық «Мұнайшы» Мәдениет үйі ғимаратында «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» атты медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- «Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаған. Ауырсақ тәнімізді емдеп, жанымызға дем беретін дәрігерлер қауымы қашанда құрмет тұтуға лайықты жандар. Әсіресе, еліміздегі әлемдік індетпен күрес жолында тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, адам өміріне араша түскен Сіздердің еңбектеріңіз ерлікке пара-пар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде дәрігерлердің мәртебесін көтеріп, мәселелерін шешу керектігін атап өткен болатын. Бұл мемлекеттің ел медицинасына көрсетер қолдауы зор екенін білдіреді. Бүгінде қаламыздың 1500-ге жуық тұрғыны өмірін медицина саласымен байланыстырып, халық алғысына бөленіп, осы салада тер төгуде,- деді Ж. Аймағанбетов.
Шара барысында бірқатар медицина саласының үздігі «Медицина саласының үздігі» құрметті атағы мен төсбелгісі, ҚР Денсаулық сақтау министрінің Алғысы, Маңғыстау облысы әкімінің Алғысы мен Жаңаөзен қаласы әкімінің Алғыстары табысталды. Шара соңы концерттік бағдарлама ұласты.