Маңғыстауда экологиялық заң талаптарын сақтамағандарды анықтау мақсатында тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 59 әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Экология департаментімен 26 тексеру жүргізіліп, 23 экологиялық заң талаптарының бұзылу фактісі анықталды. Кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 100 млн теңге айыппұл салынды. Аталған жұмыстар жалғасып жатыр.
Департамент басшысы кейбір заңбұзушылықтарды атап өтті. Мәселен, «Aktau Tourism City Ltd» компаниясының Ақтау қаласындағы «Rixos Water World» нысаны бойынша жоспардан тыс тексеріс тағайындалған. Тексеріс нәтижесінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі бар «Қаракөл» көліне сарқынды суларды ағызу фактісі бойынша 6 әкімшілік іс қозғалып 78 млн теңге айыппұл салынды. Компания өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 5-уі қысқартылған іс жүргізу негіздерімен қарастырылып айыппұл соммасы компаниямен толықтай төленген.
Бұдан бөлек, спикер облыста 103 рұқсат етілмеген стихиялық қалдық орны анықталғанын атап өтті.
- Жалпы еліміз бойынша биылғы жүргізілген космостық мониторинг көмегімен 6 412 рұқсат етілмеген стихиялық қалдықтар орыны анықталса, оның тек 103 ғана біздің өңірге тиісілі немесе 1,6 пайызы. Қазіргі кезде, бар болғаны 39 орын тазаланды,-деді Руслан Төкенов.
Руслан Төкеновтың айтуынша, полиция қызметкерлерімен 56 жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
-Мәселенің Президент әкімшілігінің қадағалауында екендігін, сондай-ақ жалпы өңіріміздің санитарлық жағдайын жақсарту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, қала және аудан әкімдіктерінен орындалысын жете назарда ұстауды сұраймыз. Сонымен қатар, өңіріміздегі құрылыстың қарқынды дамуын ескере отырып, құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату инфрақұрылымын құру қажет деп санаймыз. «Waste-to-Energy» қағидаты негізінде қоқыс өңдеу зауытын салу үшін инвесторлар қарастыруды да ұсынамыз. Себебі, полигондарға тасымалданатын қалдықтар көлемін азайып, олардың пайдалану мерзімінің ұзаратыны сөзсіз,- деді Руслан Төкенов.