Бүгін Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаевқа қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Бақтыбай Ізімтаев субсидия беру кезінде жалпы қамқорлығы үшін күн панельдерін жеткізушілерден пара алу фактісі бойынша кінәлі деп танылды. Б.Ізімтаевқа 28 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар ол мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сондай-ақ күн панельдерін жеткізушілер Шынболат Құмар мен Жақсылық Аралбаев та пара бергені үшін сотталды. Сот олардың әрқайсына 2,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салды», -дейді Ақтау қалалық соттың баспасөз қызметі
Сонымен қатар сот жалған құжаттарды ұсыну арқылы субсидия сомасын алған «Байсырымов» ЖК иесін алаяқтық фактісі бойынша кінәлі деп таныды. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтау қалалық соттың мәлімдеуінше, сотталғандар мемлекетке 6,9 миллион теңге көлемінде залал келтірді.