Биыл Жаңаөзен қаласында 1 482 түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 1 463 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Сондай-ақ 29 оқушы «Алтын» белгіге, 137 оқушы «Үздік» аттестатқа үміткер. Ал 2020-2021 оқу жылында 11-сыныпты бітірген 1 379 оқушының 30-ы «Алтын» белгімен, 116 оқушы «Үздік» аттестатпен бітіріп, 290 бала мемлекеттік білім грантына ие болды.
- Қазіргі уақытта түлектерге мамандық таңдау, кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мектеп бітірушілер мен ата-аналарға кәсіптік бағдар бойынша тест жүргізілді. 11-сынып оқушыларының ішінен аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау, кәсіптік бағдар беру жұмыстары New Format орталығында 165 түлекпен жүргізіліп жатыр,- дейді Жаңаөзен қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатай.