Маңғыстау облысынан 700-ге жуық азамат Қарулы Күштер қатарына шақырылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Заңға сәйкес 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды әскери қызметке шақырады. Шақыру қағаз түрінде және SMS арқылы хабарланады. Наурыз айында басталған науқан 30 маусымға дейін жалғасады.
Дәстүр бойынша бірінші болып Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, одан кейін Қарулы Күштердің, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жасақталады.
– Облыстық әскерге шақыру пунктіне күн сайын 10-15 жас азамат келеді. Ең алдымен олар медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден өтеді. Содан кейін олардың әскерге жарайтындығы туралы шешім қабылданып, қай жерге, қай салаға жіберілетіні анықталады, – деді мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің бастығы, майор Талғат Сарбасов.
Қазіргі таңда әскери бөлім өкілдері болашақ сарбаздармен сұқбаттасуда. Жастардың дайындығы жақсы, қызмет етуге деген құлшынысы зор.
– Өмірзақ ауылының тұрғынымын. Әуе қорғанысы күштерінде қызмет етемін. Әскерге ағамнан үлгі алып бара жатырман. Ол өмірінің 30 жылын Қарулы Күштер қатарында қызмет етуге арнады. Қазір облыстағы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Мен де дәл солай Отан қорғаушы болғым келеді, – дейді әскерге шақырылған Ақылбек Данабай.