Ақтауда коммуналдық қызметтерді алуды жеңілдету үшін «iQala» жобасы енгізілмек. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Хадим айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Жоба қала тұрғындарының бір жерден тұрғын-үй коммуналдық қызмет көрсететін (Су, электр энергиясы, газ, тбо, ғаламтор т.б.) мекемелермен келісімшартқа отыруға және т.б. қызметтерге қолжетімділігін арттырады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында iQala жобасы 2019 жылы енгізіліп, тиімділігін көрсетті. ҚР Үкіметі IQala жобасын барлық өңірге енгізуді тапсырды. Аталған жобаны жылдың аяғына дейін өңірде іске қосу жоспарлануда, - деді Аслан Хадим.
Сондай-ақ басқарма өкілі Ақтауда «112-бірыңғай диспетчерлік орталығы» құрылатынын жеткізді.
- Қазіргі таңда азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жеке және қоғамдық қауіпсіздікті, мүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техногендік және табиғи қатерлерге, терроризм актілеріне қарсы тұру мемлекеттің маңызды міндеті. Осыған орай облыстың жедел жәрдем, полиция және өрт қызметтерінің шұғыл әрекет ету сұрақтары бойынша «112-Бірыңғай диспетчерлік орталығын» құру бойынша жұмыстар жүргізілуде,- деді Аслан Хадим.
Ол білім саласында да цифрлық жаңашылдықтар болып жатқанын айтты. Мәселен, білім беру мен оның қолжетімділігін арттыру, балабақшаға тіркелу мемлекеттік қызметін автоматтандыру мақсатында 2 жоба іске асады.
- Мектепке арналған автоматтандырылған жүйе білім беру сапасын және оқушылардың мектепке келіп, кетуін қадағалауға, асханада, қоғамдық көлікте төлемдерді электронды жасауға автоматтандырылған процестерге мүмкіндік береді. №28 және №16 мектепке енгізілді. Екінші жоба «Indigo» ақпараттық жүйесі балабақшаға жолдама алу қызметтері автоматтандырылып, ата-анаға аймақтағы балабақшалардағы бос орындар туралы ақпараттар онлайн түрде қолжетімді,-деді Аслан Хадим.