Ақтаудан қайырымдылық жасау үшін жаяу жолға шыққан маңғыстаулық екі азамат Алматыға аман-есен жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жалғас Сәдуовтың айтуынша, жолда ешқандай қиындық болмады. Тек қасындағы жолдасы ауырып қалған. Десе де ұзақ жолды еңсеріп, 39 күнде Алматыға аялдады.
«Ақтаудан доппен шыққан едік. Допты Атырау қаласында қол сөмке мен сағатқа алмастырдық. Орал қаласынан сақинаға ауыстырдық. Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері сақина алмай, қайта қолымызға сағат ұстатты. Сонымен сақина мен сағат қолымызда болды. Аралға келгенде тағы бір тұрғын сақина берді. Одан бөлек есепшотқа ақша жиналды. Ал Алматыға келгенде қымбат құлаққапқа аралдық тұрғынның берген сақинасын ауыстырып алдық», - дейді Жалғас Сәдуов.
Осылайша жаяу жолаушылардың алға қойған мақсаты ойдағыдай орындалған. Қазіргі таңда есепшотта 4 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Сонымен қатар қолымызда сақина, сағат, құлаққап бар.
Енді қайырымды жолаушылар жаяу Талдықорған қаласына бет алмақ.
«Талдықорғанға барып келгеннен кейін аукцион өткіземіз. Сол арқылы жиналған заттарды сатып, қаржыны біріктіріп, баспана аламыз», - дейді Жалғас Сәдуов.
Айта кетейік, маңғыстаулық Жалғас пен Жеңіс 1 сәуір күні Алматыға жаяу жолға шыққан болатын. Негізгі мақсаты – екі баласы эпилепсиямен ауыратын жалғызбасты анаға баспана алып беру.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА