Маңғыстау облыстық полиция департаменті мен оның бөлімшелерінде өзге ұлт өкілдерінен 55 тәртіп сақшысы қызмет атқарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Олардың басым бөлігі - орыс пен әзірбайжан. Одан бөлек, украин, өзбек, армян, лезгин және татар, қырғыз, румын мен тәжік бар.
Аталған қызметкерлердің көбі қазақ тілін меңгерген. Себебі, ішкі істер органдарында жасайтын қызметкерлер үшін мемлекеттік тілді білу өте маңызды. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп қана қоймай, полицейлер іс-қағаздарын да мемлекеттік тілде жүргізеді.
Маңғыстаудың ішкі істер органында 13 әзірбайжан ұлтының өкілі қызмет атқарса, соның бірі Жаңаөзен қаласы ПБ кезекші бөлімінің жедел кезекші лауазымында қызмет атқаратын полиция майоры - Казым Гасымов.
Ол Әзірбайжан Республикасында дүниеге келіп, Жаңаөзен қаласында өскен. ҚР Алматы қаласы ІІМ академиясында төрт жылдық оқуды тәмамдаған.
- Тіл - елдің тәрбиесі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөз бар. Мен соны ұстанамын. Қызмет барысында тілге қатысты көптеген іс-шараларға белсене қатысып тұрамын, өзім мекен етіп жатқан елдің тілін білу мен оны құрметтеу мен үшін маңызды, - деді полиция майоры Казым Гасымов.