Маңғыстау облысында балық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер қаралып, бірқатар ұсыныс берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы балық шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Түпқараған және Қарақия ауданы әкімдіктеріне браконьерліктің алдын-алу мақсатында бильбордтар ілдіру. Қалалар мен аудандарда Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының жоспарына сәйкес, балық дүкенін ашуға заңнама шеңберінде қолдау көрсету. Кәсіпшілік балық аулау ауы жібінің диаметрін 0,3 мм-ден басталатын полиамидті моножіптен және басқа да синтетикалық моножіптен жасалған ауларды пайдалану мүмкіндігін қарастыру жөнінде ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне «Қолдануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына өзерістер мен толықтырулар енгізу, Кутум балығын ҚР Қызыл кітабынан шығару және кәсіпшілік маңызы бар балық түрлеріне енгізу жөнінде тиісті органдарға ұсыныстар жіберілген.
Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев өз кезегінде кәсіпшілік балық шаруашылығы және оның қазіргі жағдайы туралы баяндап, Каспий теңізінің Маңғыстау облысы шегіндегі орналасқан балық шаруашылығы учаскелеріне бекітілген кәсіпшілік күш-жігер нормативтерін қайта қарау, жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төленетін төлем мәселесі, ветеринариялық зертхана жұмысы және анықтама беру мәселесі назардан тыс қалдырмады.
Жиын соңында тиісті ведомстваларға Каспий теңізіндегі ауланған балықтардың көлеңкелі жолмен сатылымына тыйым салу, заңсыз балық аулау, құжатсыз тасымалдау жағдайларының алдын алу, табиғат қорғау заңнамасын бұзылуына жол бермеу және т.б. тапсырманы берді. Жиынға қатысушылар баяндамашыларға және табиғат пайдаланушыларға сауалдарын қойып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.