Биыл эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанына байланысты тек мектеп қабырғасында қоштасу кешін ұйымдастыруға болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты kapital.kz сілтеме жасап.
«Соңғы екі жылда пандемияға байланысты мектеппен қоштасу кеші өтпеді. Қазір эпидемиологиялық жағдай жақсарды, шараны атап өтуге мүмкіндік бар. Бірақ мектеп бітіру шарасы міндетті түрде мектеп қабырғасында өтуі керек. Мектептің қамқоршылық кеңестері мен білім бөлімдері ата-аналарға осы іс-шараларға артық шығындалмауын түсіндіру қажет. Бұл - күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі», - деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасының басшысы Самал Қадырова.
Айта кетейік, бітіру кешін білім беру ұйымы өткізеді. Ал мерекеге аниматорларды, агенттіктерді тартуға, мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді алып, қалаға (ауданға) экскурсиялар жасауға, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің сыйлығына ақша жинауға және ойын-сауық мекемелерінде бітіру кештерін ұйымдастыруға рұқсат берілмейді.