Ақтауда халықаралық кітап күніне орай алғаш рет "Кітап кеші" өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Кітап сататын 6 дүкен жәрмеңкеге атсалысып, тұрғындардың жеңілдікпен кітап сатып алуына мүмкіндік берді. Олар әртүрлі бағыт, тақырып бойынша сатылымдағы кітаптарын теңіз жағалауына шығарып, оқырманға ұсынды.
"Кітапты онлайн сатып жүргеніме бір жарым жыл болды. Бастапқыда "кітап оқитын адам аз" дедім. Жоқ, қателескен екенмін. Қазір халықтың кітапқа, оның ішінде қазақ тіліндегі кітапқа сұранысы мен қызығушылығы жоғары деңгейде. Интернет дамыған сайын кітапты тұтыну азая беретін шығар деп те ойладым. Бірақ кітапқа деген сұраныс ешқашан таусылмайды екен. Бұған анық көзім жетті. Бүгін "Кітап кешінде" тағы да кітапсүйер жанның көп екенін байқадым. Бұл мені қуантады", - деді кітап дүкенінің жетекшісі Наурызбек Ерманов.
Сонымен қатар кітап кешіне келушілер қала жастары мен қонақтардың өнерін тамашалап, викториналық сұрақтарға жауап берді. Осылайша, Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығынан кітапты сыйға алды.
"Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған "Кітап кешіне" Жаңаөзен қаласынан арнайы келдім. Кеш өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын. Кітап көрмесінен іздеген кітаптарымды таптым. "Отбасы хрестоматиясынан" "Сияр шәріп", "Әлдиден эпосқа дейін", Қайрат Жолдыбайұлының "Кемел адам" кітабын сатып алдым", - деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Жаңылсын Мұхамбетова.
Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы баспасөз қызметінің айтуынша, шара 2018 жылдан бері ұйымдастырылатын «Jastar Books» жобасы аясында өтті. Негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қайта жаңғыртып, оны дамыту, кітапсүйгіш оқырмандардың ашық алаңын қалыптастыру. Аталған жәрмеңкеде 100-ге жуық кітап сатылды.