Ақтауда 9-14 жас аралығындағы қыздарға арналған «Менің ойыным» фестивалі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Фестивальге қаланың орта мектеп оқушылары, Маңғыстау облысының футбол бойынша олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, жалпы 138 қыз қатысты.
Маңғыстау облысы футбол федерациясының президенті Марат Такеновтың айтуынша, аталған шара оқушы қыздарды спортқа баулиды.
- Фестиваль жақсы атмосферада, жоғары деңгейде өтті. Оқушылардың да көңіл күйі көтеріліп, бір сергіп қалды. Осындай шаралар оқушы қыздарды спортқа баулуға септігін тигізеді. Ақтау қаласынан кейін фестиваль Атырау қаласында жалғасын табады, - деді Марат Такенов.
img=69694,w=1000,u=0]
Оның айтуынша, Ақтауда 70-тен астам қыз футболмен айналысады. Олардың 38-і олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері болса, 33-і «Каспий» спорт кешенінде дайындалады.
Айта кетейік, фестиваль Қазақстан футбол федерациясының бастамасымен және ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының бірлесуімен ұйымдастырылды. Келесі фестиваль Атырау қаласында өтеді.