Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында тұрғындармен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге келген қала тұрғындары көкейде жүрген өзекті мәселелерін жеткізді. Оның ішінде ауыз су тапшылығы, көгалдандыру, жаңа шағынаудардарға мектеп пен балабақша салу мәселелері айтылды. Осы орайда жиынға қатысқан сала мамандары ауыз су тапшылығын жою мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Соның ішінде, су тұщыту зауытының құрылысы басталып, 1-кезеңі биыл мамыр айында іске қосылатынын айтты. Яғни, бастапқы кезеңде 5000м3 су өндіру жоспарланған. Бұл жұмыстар кезеңмен жүзеге асады дейді мамандар.
Сонымен қатар халықты алаңдатқан көгалдандыру мәселесі де қолға алынып жатыр. 2015 жылдан бері көгалдандыру жұмыстары бәсекелестік ортаға берілгендіктен, жыл сайын әр түрлі компания ұтып алып отырған. Салдарынан жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмаған. Сол себепті 2022 жылдан бастап аталған жұмыстарды 5 жылға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында жүргізу жоспарлануда деді жауаптылар. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан тұрғындар білім, құқық қорғау, денсаулық сақтау салаларына да қатысты сауалдарын қойды.
Жиын соңында депутаттар айтылған мәселелерді назарға алып, бақылауда ұстайтындарын жеткізді.