Биыл өңірде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облыстық филиалы 55 медициналық ұйыммен шарт жасаған. 29-ы жеке медициналық ұйым болса, қалғаны - мемлекеттік емханалар. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Жанетта Керимбаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, биыл халыққа медициналық көмек көрсетуге 56,2 млрд.теңге, оның ішінде тегін медициналық көмекке 32 млрд. теңге, МӘМС – 24,2 млрд. теңге қарастырылған.
- Биыл медициналық көмек көрсетуге арналған бюджет 2021 жылмен салыстырғанда өсті. Емханалар деңгейінде консультациялық-диагностикалық көмек көлемі артты. Осылайша, ауылдық медицинаны дамытуды қолдайды. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарына барлығы 5 ЖМК (жылжымалы медициналық кешені) қызмет көрсетеді. Олардың ішінде бейінді мамандардың консультацияларын алуға, скринингтерді қоса алғанда, тексерулерден өтуге, зертханалық талдаулар тапсыруға, ауруханаға жатқызуға жолдама алуға, вакцинация жасауға болады. Биыл бірінші тоқсанда «Жылжымалы емханалар» деп аталатын мобильді медициналық кешендер арқылы ауыл тұрғындарына 41,0 млн теңге сомасына 17 мың қызмет көрсетілді,- деді Жанетта Керимбаева.
Қор пациенттердің құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастыруда. Қордың филиалына көбінесе Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұрғындары жүгінеді. Қарақия ауданының тұрғындары сирек кездеседі. Өтініштердің негізгі бөлігі консультативтік сипатта болады. Өтініш берушілер жарналар мен аударымдарды қалай төлеу керектігін, МӘМС бойынша медициналық көмекті алу үшін қандай кезеңдерде төлем жүргізу керектігін сұрайды.
Бірінші тоқсанда 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, қордың www.fms.kz сайты, Telegram-қосымшасындағы Saqtandyrybot сияқты қордың ресми кері байланыс арналары, Денсаулық сақтау министрінің блогы және Денсаулық сақтау министрлігінің сайты арқылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» өңірдегі филалына 225 өтініш келіп түсті. Оның 147-сі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты шағымдар.
- Шағымдардың негізгі себептері терапевт, тар профильді дәрігер және диагностикалық тексеруден ұзақ уақыт күту, аймақта қажетті мамандардың болмауынан туындаған. Филиал әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізеді. Қор пациенттерді өз құқықтарын білуге және олар бұзылғанда, жағдайды сол жерде шешу үшін алдымен медициналық ұйымның өзінде Пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырады. Бұл қызметтердің барлығы емханалар мен ауруханаларда бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, филиалға жүгіну қажет, деді Жанетта Керимбаева.