Жылжымалы медициналық кешен ауылдарды аралап, тұрғындарға көмек көрсетіп жүр. Қазіргі таңда аталған кешенде Жармыш ауылының тұрғындары тексеріліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлер Жармыш ауылының тұрғындарына медициналық кеңес беріп, лабораториялық және инструментальді зерттеулер жүргізуде. Мектеп оқушылары да кезекті медициналық тексеруден өтіп жатыр. Медициналық кешенде кеңес беру, мамандандырылған медициналық көмек, диагностикалық зерттеулер көрсетуге мүмкіндік беретін бірнеше кабинет бар. Тұрғындарға қызмет көрсеткен дәрігерлердің қатарында невропатолог, балалар дәрігері, хирург, акушер-гинеколог, лор, окулист, стоматолог, терапевт, лаборант, УЗИ дәрігері және ЭКГ мейірбикесі сынды бір топ маман бар.
Айта кетейік, жылжымалы медициналық кешен осы уақытқа дейін Шебір, Қызан, Ақшымырау, Тұщықұдық ауылының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетті.