Көкшетау қаласында Президенттік көпсайыстан(полиатлон) жабық кеңістікте өткен ҚР чемпионатында жалпы командалық есепте Маңғыстау облысының құрамасы ІІІ орын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ел біріншілігіне 12 облыстан 200 спортшы қатысты. Спорттық дода 60 метр спринтерлік жүгіру, оқпен ату, 50/100 метр жүзу және 1000/2000 метр қашықтыққа жүгіруден өтті.
Маңғыстау облысының құрама командасының құрамында балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің полиатлон бөлімінің тәрбиеленушілері өнер көрсетіп 2 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдені еншіледі. Атап айтқанда, жеке біріншілік бойынша алтын жүлдені Ангелина Кузьмичева(12-13 жас аралығындағы қыздар тобы) мен Кирилл Молостов(16-17 жас аралығындағы ұлдар), күміс жүлдені ұлдар арасында Святослав Кузнецов(12-13 жастағы ұлдар) еншілесе, қыздар арасында Дениз Асланова(14-15 жас аралығындағы қыздар) және Алина Придачкина(18-20 жас аралығындағы жасөспірімдер) алды.
Ал 3-орынға Алина Шабарова(16-17 жас аралығындағы қыздар) мен Павел Кузнецов(18-20 жас аралығындағы жасөспірімдер) тұрақтады.
- Маңғыстау облысының құрамасы керемет жетістікке қол жеткізді. Соның ішінде ерекше атап өтетіні екі спортшымыз жүзуден 100 метр қашықтықта рекорд орнатты. Атап айтқанда, Томирис Молжанова көрсеткен нәтиже 1 минут 07,67 секундта және Павел Кузнецов 0.56, 82 секундта келді, - деді МО полиатлон бойынша аға жаттықтырушысы Александр Кабаргин.