Жуырда Ақмола облысында ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан ХІІІ чемпионаты өтті. Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері додадан үш қола және күміс жүлде алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осы ретте Департамент басшысы Алтынбек Қалиев жүлделі орынға ие болған қызметкерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Республикалық жарыста ГМ-172/10 мекемесінің бақылаушысы әділет кіші сержанты Гауһар Серікова 53 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Нәтижесінде қоян-қолтық ұрыста күміс жүлдеге ие болды. Гауһар 7 жастан бері спортпен шұғылданып келеді. 24 жастағы бойжеткен самбодан Азия чемпионы, Қазақстан чемпионатының жүлдегері, дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер.
Ал 73 келі салмақ сынға түскен әділет капитаны Берік Абдикаримов ГМ-172/6 мекемесінің режим бөлімінің аға жедел уәкілі қола жүлдегері атанды. Ол 13 жастан бері спортпен айналысқан, бокстан облыс чемпионы, бокстан Қазақстан және халықаралық турнирлердің жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан бірнеше жарыстардың жеңімпазы болды.
Сондай-ақ 88 келі салмақта өнер көрсеткен ГМ-172/6 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстары бойынша бөлімінің жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты Ержан Құрбанбай қола жүлдені қанжығаға байлады. Еркін күрестен І-дәрежелі спортшы, дзюдодан спорт шеберіне үміткер.
Чемпионатта 97 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан Тимур Кенжеғалиев қола жүлдегері атанды. 12 жасында бокс мектебінің алғаш табалдырығын аттап, бірнеше турнирлердің жүлдегері атанып үлгерді. Спорт шеберіне үміткер, әділет сержанты Тимур Кенжеғалиев ГМ-172/8 мекемесінің бақылаушысы болып қызмет атқарады.
Айта кетейік, жарыс қаңтар оқиғасында қызметтік міндетін орындап, қаза тапқан қызметкерлер мен әскери қызметшілерді еске алуға арналды. Жарысқа 178 спортшы, 16 команда қатысты.