Оқу-жаттығуға Маңғыстаудың әскери қызметкерлері де қатысып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығулар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдары арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін орнату, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өткізіліп жатыр.
«Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Алматы және Шымкент қаласында өтеді.
Іс-шараларға Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қатысады.
Оқу-жаттығудың бастапқы кезеңінде мемлекеттік шекараны қорғауды күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы операцияны жүргізу, әскери қауіптердің күшеюі жағдайында өзара іс-қимыл мәселелері пысықталатын болады.
«Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуы 16 сәуірге дейін жалғасады.