Қарақиялық спортшы Оразалы Бектемірұлы жасөспірімдер мен ардагерлер арасында гір спортынан өткен Қазақстан чемпионатында қос алтынды қанжығасына байлады. Жарыс 26 наурыз бен 2 сәуір аралығында Түркістан облысының Шардара қаласында өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығына сілтеме жасап.
Спортшы 78 келі салмақ дәрежесінде жасөспірімдер арасындағы жарыста сынға түсіп, нәтижесінде жұлқа көтеруден 1-орын, серпе көтеруден де 1-орын алды.
Оразалы Бектемірұлы 14 жасынан бері гір көтеру спортымен шұғылданады. Қазіргі таңда спорт шеберіне(КМС) үміткер, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі чемпион.
- Менің мотиваторым, спортқа қызығушылығымды арттырған – жездем Айдын Ахметов. Ал бапкерім - Нартай Атабаев. Ол спорт бағыты бойынша нұсқау беруден жалыққан емес. Қазіргі таңда туған өлкем Құрық ауылында «Қарақия аудандық БЖСМ» мекемесіне қарасты фитнес залында «Гір» тасын көтеру үйірмесіне қатысып, мақсатыма жету жолында жұмыстанып жүрмін. Көздеген нысанам сүйікті бағытым бойынша «Спорт шебері» болу», - деді Оразалы Бектемірұлы.