Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласына жасаған жұмыс сапары аясында облыстың экологиялық және тұрмыстық қатты қалдықтар мәселелеріне арналған көшпелі жиын өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақта мұнай қалдықтарының орындары, Қазақстан ғарыш сапары жүргізген мониторинг барысында анықталған рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділерінің проблемасы, Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының тұрғындары жиі көтеріп жүрген шаң-тозаң сияқты қордаланған мәселелер бар.
Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп Маңғыстау облысында 103 нүкте, соның ішінде Жаңаөзен қаласында 38 жер учаскесінде рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып отыр.
Жиында өңірдегі қордаланған экологиялық мәселелерді шешу бағытында ұсыныстар тыңдалып, шұғыл шешуді талап ететін мәселелер қаралды.
Сондай-ақ,бүгінде облыста су ресурстарын тиімсіз пайдалану, тарихи ластану, қалдықтарды басқару жүйесінің жетілмегендігі мен көгалдандыру мәселелері өзекті болып тұр.
- Экология деген, жалғыз тұрмыстық, мұнай қалдықтарын жинау ғана емес. Бұл үлкен кешенді атқарылатын іс, бәріміз бірге атқаратын шаруа. Көгалдандыру мәселесі, қалдықтарды қайта өңдеу, төңірегімізді таза ұстау сияқты. Адамдардың санасында болмаса, қанша тырыссаңда нәтиже болмайды. Сондықтан мәселені шешу бағытында, әлемдік тәжірибелерді зерттеп, бізге сәйкес келетіндерін енгізген жөн,- деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, бүгінде облыста 7 арнайы жобамен салынған тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру полигоны және 16 санитарлық талапқа сәйкес келмейтін қоқыс орны бар.
- Қолдан жасалған, адамдар қызметінің кесірінен пайда болған қалдықтарды жою - барлығымыздың міндетіміз. Атқарылған жұмыстар көп, дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Бұл мәселені үнемі бақылауда ұстауымыз керек,- деді Нұрлан Ноғаев.
Жиын қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, экологиялық мәселелерді шешу үшін шұғыл әрі нақты шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.