Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы пойыз қозғалысы карантиндік шектеулерге байланысты уақытша кейінге шегерілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналында айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, «Нөкіс-Бейнеу» бағытында жүретін пойызға билет сатылып, соңында пойыз жүрмейді деген хабарлама келген. Тұрғын неліктен бұлай болғанын сұрап, сауал жолдады.
Тұрғын сұрағына Бейнеу аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары жауап берді.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстан мен Өзбекстан Республикасының арасындағы «Нөкіс-Бейнеу» және «Алматы-Ташкент» пойызының қозғалысы жоспар бойынша 1 сәуір күні іске қосылу керек болған. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты уақытша кейінге шегеріліпті. Сондықтан билет сатып алған жолаушылар теміржол кассаларына барып, билеттерін тапсыру арқылы құнын қайтара алады.