© Фото интернеттен алынды
Қызылтөбе ауылында 35 шақырым жолға асфальт төселеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналында Қызылтөбе ауылының әкімі Ерлан Қайнаров мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Күні кеше Қызылтөбе ауылының тұрғыны әлеуметтік желіге аталған елдімекенінің 7-кварталындағы «Балауса» көшесінде асфальт жоқтығын айтып, жаңбыр жауған сайын көшеден жүру мүмкін еместігін жазған болатын. Тұрғынның айтуынша, балалар мектепке барғанша балшыққа батып қалатын көрінеді. Сондықтан аталған мәселені тезірек шешіп беруін сұраған. Тұрғынның сауалына ауыл әкімі Ерлан Қайнаров дер кезінде жауап берген.
Қызылтөбе ауылының әкімі Ерлан Қайнаровтың айтуынша, ауылда асфальттауды қажет ететін көшелер анықталып, талдау жасалған.
«Құрылыс жұмыстарына қажетті жобалық-сметалық құжатын жасақтау мақсатында Мұнайлы аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жалпы ұзындығы 35 шақырым асфальт жолды жөндеуге бюджеттік өтінім берілген. Егер қаржы мәселесі шешімін тапса, асфальт төселіп, яғни автокөлік жолдарының құрылысын салу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады»,- дейді ауыл әкімі.