«Жетібай» кен орнында кешенді өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Маңғыстау облысы төтенше жағдай департаменті өкілдері мұндай ауқымды жаттығу кен орнында алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz cайты.
Шараға ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Кульдиков арнайы келіп қатысты.
Оқиға былай өрбиді: Жетібай кен орнындағы № 77 пайдалану ұңғымасының арматурасына зақым келіп, ұңғыма ашық атқылама режиміне өтеді. Жедел жеткен өрт сөндірушілер аумақты 20 минут ішінде қайта қалыпқа келтірді.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін барлық бөлімшелердің іс-қимылдары талқыланып, іс-шараның қорытындысы шығарылды. Өрт сөндіруге арналған құрылғыларды қалай пайдалану керектігі көрсетілді.
Марат Мұхаметқалиұлы өз сөзінде осындай жаттығулардың қызметкерлерге ықтимал қауіп-қатер кезінде пайдасы мол екенін атап өтті. Жаттығудың толық қорытындысы мен бағасын министрлік шығаратын болады.
Оқу-жаттығуға барлығы 146 адам, 48 техника жұмылдырылған.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН