Ақтаудағы IT мектеп лицейінде жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдауына көмектесу мақсатында «Мамандықтың бәрі жақсы» жобасы іске асып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба аясында 9-10-11-сынып оқушылары қалада орналасқан ірі кәсіпорындарға барып, жұмыс барысымен танысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба оқушыларға кәсіби бағдар алуға мүмкіндік береді. Себебі қазіргі таңда мамандық тандау қиындық тудырып жатады.
- Оқушыларға көбінесе юрист, қаржыгер, мұнайшы деген мамандықтар ғана таныс. Енді жоба аясында олар өндіріске барып, түрлі жұмысты көріп жатыр. Оқушылар әсіресе, туризм, IT саласына қызығушылық танытуда,- деді жоба жетекшісі Ғани Құрманғалиев.
«Мамандықтың бәрі жақсы» жобасы аясында оқушылар Маңғыстау политехникалық колледжі және туризм колледжінде болды. Сонымен қатар «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндіріс мекемелерінің жұмыс барысымен танысты.
Оқушылар алдағы уақытта басқа да Ақтау қаласында орналасқан мекемелердің жұмысымен танысады.