Бүгін Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының сахнасында Бердібек Соқпақбаевтың повесі бойынша қойылған «Менің атым Қожа» спектаклінің премьерасы өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте театр директоры Гүлсина Мерғалиева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, «Менің атым Қожа» спектаклінің қоюшы-режиссері арнайы шақырумен келген жас режиссер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали.
- Қазақ баласының еркін бейнесін көрсететін, қайсар мінезді Қожаның қызықты іс-әрекеттерін тамашалауға шақыратын қойылым позитивке, балалық қиялға толы. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Президент Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» етіп жариялауын ескере отырып, қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша қойылған спектакльді көрермен назарына ұсынбақпыз. Балалық шақ – адам өміріндегі ең ғажап уақыт. Ол кезең кімді болмасын сағынтпай қоймайды. «Менің атым Қожа» спектаклі адамның ой-өрісі мен танымын ұшқыр қиялға жетелеп, жас көрерменді кейіпкерлер бойындағы ізгі қасиеттерді үлгі етуге, адамгершілікке баулиды,-деді Гүлсина Мерғалиева.
Премьераға Өнертану кандидаты, профессор, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы, театр сыншысы Меруерт Жақсылықова арнайы шақырылды.