Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 103 меншік иелері бірлестігі, 1068 жәй серіктестік құрылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте БСКжМИБ қауымдастығының төрағасы Қайырғали Қалмұқанов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қайырғали Қалмұқановтың айтуынша, оның ішінде 73 МИБ, 15 ЖС облыстық БСКжМИБ Қауымдастығы көмегімен құрылған.
- Өздеріңізге мәлім, 01.07 2022ж. бастап барлық пәтер иесі кооперативінің (ЖЭК,КСК) жұмысы тоқтатылады. Сондықтан меншік иелері бірлестігін құру мақсатында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен тұрғын үй кешендерінің ауласында, кеңсе, мәжіліс және акт залдарда тұрғындармен 400-ден астам кездесу өткіздік. Ақтау және Жаңаөзен қалалық тұрғын үй инспекцияларының мамандарымен бірге «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп жатырмыз. Бұдан бөлек, қала және облыс әкімдігінің кеңселерінде азаматтарды қабылдаймыз, - дейді ол.
Ақтау қаласының әкімдігі сервистік орталығынан қауымдастыққа кеңсе бөлді. Онда қала тұрғындары тегін кеңестер, МИБ құру туралы ақпараттар ала алады. Яғни құжаттарды дұрыс ресімдеу, хаттамаларды, жазбаша сауалнама парақтарын, шығындар сметасын жасау, ХҚО-ға тапсыру үшін құжаттарды дайындау және сертификат алу, әділет органдарынан тіркеу және басқару және сервистік компаниялармен келісім-шарттар жасауға көмектеседі.
Сондай-ақ қауымдастық тұрғын үйлерді күтіп-ұстау және пайдалануға қатысты мәселелерден бөлек, аумақтардағы, жалпы қаладағы жасыл желектерді абаттандыру және күту бойынша маңызды шешімдер қабылдауға белсенді түрде қатысады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемдегі және құрылыс қалдықтарын шығару мәселелері де назардан тыс қалмайды.
Қазіргі таңда қала бойынша тағы 10 МИБ және ЖС тіркеу процесінде, 15-ке жуық үйдің тұрғындары қол жинап жатыр.