© Фото интернеттен алынды
Былтыр республикалық маңызы бар тас жолдарда мал салдарынан 17 жол апаты болды. 10 адам қаза болып, 26 жолаушы дене жарақатын алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Арман Жолдықұловтың айтуынша, малмен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2021 жылы республикалық маңыздағы автожолдар бойына 14 дана үй жануарларының муляжы(түйе, жылқы) және 13 000 м жол қоршаулары қосымша орнатылды.
Нақтыласақ, «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» автожолының 673-674; 709; 729; 738 шақырымы, ал «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолының 51-56 шақырымына орнатылды.
"Сонымен қатар, жануарларды үркітетін «электр бақташы» (электропастух) құрылғысы орнатылды. Бұдан бөлек, «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» автожолының 723-726 шақырымына – (ұзындығы 3 шақырым) қойылды. «Жетібай-Жаңаөзен» автомобиль жолында барлығы 22 шақырым қоршау жасалды",- деді Арман Жолдықұлов.
Биыл автожолдың басқа да учаскелерінде қаражаттың бөлінуіне байланысты «электр бақташы»(электропастух) құрылғысын орнату және сыртқы жарықтандыру жүргізу жоспарланып отыр.