Велосипед спортынан республикалық чемпионат ертең, 31 наурызда басталады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы өңірдің қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев хабарлады.
Ерлер мен әйелдер және паралимпиадалық спортшылар арасындағы жарысқа еліміздің 12 өңірінен 150 адам қатысады. Еліміздің үздік велошабандоздары атағына 3 сәуірге дейін бәсекелеседі.
Ақтауда мұндай чемпионатты алғаш рет өткізілмек. Ел біріншілігінің басты мақсаты - Азия және әлем кубогына, сондай-ақ Қытайдағы Азия ойындарына мықты велошабандоздарды іріктеу, - деді Қанат Жұмабаев.
Бірінші күні Ақтау-"Риксос" қонақ үйі бағытындағы трассада ерлерден 18 км-ге және әйелдерден 12 км-ге командалық эстафета өткізіледі. Осы бағыттағы тас жолда ерлер арасында 25 км қашықтықта және әйелдер арасында 20 км қашықтықта жеке жарыстар өтеді, ал паралимпиадашылар 15 км қашықтықты еңсереді.
Ал чемпионаттың үшінші күні қатысушылар Ақтау-Жетібай трассасында болады, онда ерлер арасында 120 км, әйелдер арасында 70 км және әуесқойлар арасында 40 км қашықтықта топтық жарыстар өтеді. Жарыстың соңғы күні Ақбота саябағында өтеді. Әйелдер 30 км қашықтықты, ал ер адамдар 40 км қашықтықты еңсеруі керек.
Спорттық жарыстар басқа өңірлерде де жалғасады деп күтілуде. Оған Маңғыстаудан екі өкіл - халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сұлтанмұрат Миралиев және спорт шебері Дмитрий Носков қатысады.