29 наурызда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланған жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейне байланыс арқылы өткен жиынға «Svevind Energy GmbH» неміс - швед компаниялар тобының акционері Вольфганг Кропп бастаған делегация және жергілікті атқарушы орган басшылары қатысты.
Svevind компаниясы Маңғыстау облысы аумағында теңіз суын тұщыту және сутегі өндіру ісіне ұзақ мерзімді инвестициялауды ұсынып отыр. Компания баламалы электр энергиясын және «Жасыл» сутегін өндіру үшін Маңғыстау облысында қолайлы жер учаскелерін анықтаған. Неміс тарапының деректері бойынша салынатын инвестицияның сомасы 22 млрд.еуро.
Жоба аясында қуаттылығы тәулігіне 50,000 м3 су тұшыту зауытын, 30 ГВт жаңартылатын энергия көздері станциясын (жел, күн) салуды көздейді. Сонымен қатар, өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн тонна су технологиясын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қазақстанда өндірілген сутегі, «Жасыл» аммиак және басқа да экологиялық таза тауарлар болашақта Еуроодақ елдері мен басқа да мемлекеттерге экспортталады.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев осындай инвестициялық жобалардың болашақта электр энергиясын өндіретін барлық дәстүрлі әдістерін ығыстырып,ең перспективалы жобалардың бірі болатынын атап өтті.
- Біздің өңірдің климаттық жағдайы күн және жел электр станцияларын салуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігі бұл жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын,- деді Нұрлан Ноғаев.