Көлік жуу орталығының қызметкерін қағып, жарақаттаған жүргізушіге қатысты ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Қалдымұрат Айғарақов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Автомобильді басқарған адамның абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін жүргізуші 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалауы мүмкін. Болмаса, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы ықтимал. Болмаса, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелуі мүмкін. Үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.
Еске сала кетейік, оқиға 22 наурыз күні Жаңаөзендегі «Empire» көлік жуу орнында болды. Полицияның мәліметінше, "Kia Rio" автокөлігінің жүргізушісі көлік жуу орталығының алдында газ және тежегіш педальдарын шатастырып, "Toyota Alphard"-пен соқтығысқан. Содан кейін көлік жуу боксындағы "Toyota Camry" автокөлігінің артқы бөлігін жуып жатқан әйелді соққан еді. Жол апаты салдарынан 31 жастағы әйел зардап шекті.