Ақтау қаласының әкімдігі атышулы «Clover Media Group» ЖШС-мен келісімшартты бұзды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қала әкімдігінің айтуынша, «Clover Media Group» ЖШС 300 млн теңгеге Ақтау қаласының түнгі жарықтандыруына жаңа эстетикалық ажар беруі керек еді.
"Мердігер мекеме келісімшартқа сәйкес қала аумағындағы автокөлік жолдар бойында орналасқан жарық бағаналарына 116 әсемдік аспашам орнату, қала аумағындағы автокөлік жолдар бойында орналасқан жарық бағаналарына 117 әсемдік жалаушалар орнату, теңіз жағалауында орналасқан пальмаларға 100 дана гирляндалар мен жарық шамдар орнатуға тиіс болған", - деді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ұзындығы 50 метр болатын екі «Жұлдызды аспан» кіші архитектуралық формасын орнату, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ кеңсесінің, облыстық мешіттің және шіркеу ғимаратының сыртқы келбетін түнгі әсемдік жарықтандыру жоспарланған еді.
Алайда аталған мердігер мекеменің жұмысы көңіл көншітпеген.
«Clover Media Group» ЖШС-мен 10.02.2022 жылы №6 келісімшарт жасақталды. Алайда, жоғарыда аталған мекеме ғимараттардың сырқы келбетін түнгі әсемдік жарықтандыру жұмыстарын істей алмауына байланысты 28.03.2022 жылы келісімшарт екі жақтың келісімімен бұзылды», - деді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Clover Media Group» ЖШС мекемесі теңіз жағалауына 10 млн теңгеге бекіре тұқымдас балық, 9 млн теңгеге итбалық және 17,8 млн теңгеге пластик пальмалар орнатқан еді. Десе де жасалған жұмыстары қала тұрғындарының сынына ұшырып, талқыға түскен.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА