Бүгін Ақтауда халықаралық туристік компаниялардың көшбасшылары бас қосып, өңірдегі туризм саласын дамытуды талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында жаңа чартерлік рейстерді ашу мәселелері пысықталды. Негізгі мақсат - өзара ынтымақтастық үшін халықаралық туристік компаниялардың назарын аударып, туризмді дамыту.
Кездесуде Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының туристік әлеуеті және Tetysblu Aktau жобасы таныстырылады. Сондай-ақ жиында аймақ басшысы туризм кластерін дамыту тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі екенін тілге тиек етті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай әр өңір өзінің ерекшелігіне сәйкес туристік саланы дамытып жатыр. Біз өз тарапымыздан келген туристтердік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүріп тұруына жағдай жасап, Маңғыстауда өткен күндері есте қалуы үшін барлық жағдайды жасайтынымызды қаперіңізге береміз. Маңғыстау көп елдерде кездесе бермейтін жер қыртыстары мен таң қалдыратын пейзаждар, Қазақстанның қақпағы саналатын Каспий теңізіміздің жағасын пайдалану ол біздің үлкен мүмкіндігіміз деп түсінеміз және осы бағытта жұмыстанамыз,- деді Нұрлан Ноғаев.
Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев та Маңғыстау облысында туристердің барлық санаты үшін түрлі туристік өнімдер шоғырланғанын атап өтті.
- Маңғыстау жағажай туризмінің жоғары әлеуетімен қатар, демалушыларға шытырман оқиғалы, мәдени, рухани және басқа да турларды ұсына алады. Биылдан бастап 74 елдің азаматтары үшін визасыз режим толығымен жаңартылды. Осы тізімді кеңейту және оны 100 елге дейін ұлғайту мәселесі бүгінде пысықталып жатыр, - деді Ержан Еркінбаев.
Айта кетсек, былтыр облысқа 225 560 турист келген. Оның 9000 мыңға жуығы шетелдік саяхатшылар. Биыл да өңірге 225 000 турист келеді деген жоспар бар.
Жалпы облыста 2022-2025 жылдары аралығында туризм саласын дамыту бойынша 16 инвестициялық жоба іске асады.