Аймақ басшысы Қарақия ауданына жұмыс сапарының екінші күні бірқатар ауылдар мен ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, халықпен кездесулер өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы алдымен "Құрық-Ақтау" тас жолының 20 шақырымында жұмысы тұралап қалған жылыжай аумағын аралады. "Эко продакшн" серіктестігі биыл жалпы ауданы 360 гектар болатын жердің 3 гектарына қияр, қызанақ және құлпынай егуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер өз ісін дөңгелету үшін инфрақұрылым жүргізуге көмек сұрады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде жылыжай салумен айналысқысы келетін кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Құрық ауылында орналасқан Қызылқұм елді мекеніндегі "Рысбек" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кәсіпкер жалпы аумағы аумағы 32 га жердің 6 га жүзім, алма жеміс ағаштарын отырғызса, 3 га жерге жылыжай салған. Сондай-ақ, тамшылатып суару технологиясы бойынша жоңышқа, арпа егіп, мал азығын дайындауды жолға қойған. Кәсіпкер өз өнімін Жетібай, Мұнайшы, Құрық ауылдарында және Ақтау қаласында сатады.
Жалпы аудан бойынша 1 645 жеке қосалқы шаруашылық және 655 шаруа қожалығы тіркелген, оның 41-і егіншілікпен айналысады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 2,9 га болатын 22 фермерлік жылыжай бар. Былтыр 122,5 га көкөніс тұқымдары себіліп, нәтижесінде 3117,5 тонна өнім алынды. Ал, биыл 130 гектарға көкөніс егіп, 4000 тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр.