Ақтауда өрт сөндіру қызметі мен теңіз жаяу әскерінің қызметкерлері балалармен кездесу ұйымдастырып, оларға мамандықтары туралы айтып, сыйлықтар табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО-ға сілтеме жасап.
Жергілікті өрт сөндірушілер есту және көру қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа барды. Бұған дейін балалар өрт сөндірушілерге барып келген. Өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысқан. Өрт сөндірушлер өз кезегінде балаларға тәттілер, ал арнайы мектепке микротолқынды пеш сыйлады.
Ал «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының әскери қызметкерлері «Балалар ауылы» арнайы мекемесінің тәрбиеленушілеріне барды. Балаларға тәттілерден бөлек футбол, баскетбол, волейбол доптары, бокс қолғаптары және басқа да сыйлықтарды табыстады.
Өрт сөндірушілер де, әскерилер де балаларға қызметі туралы ғана емес, сонымен қатар спортпен шұғылданудың, салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасы туралы айтып берді. Сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін, оның ішінде жол, отпен ойнаудың қауіптілігі туралы, яғни профилактикалық әңгімелер айтты.