Бүгін «Lectorium» жобасы аясында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы уағыз насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров жастармен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Батыржан Берденұлы жастарды жігерлендіретін хадистерді айтып, оларды білім алуға, тәрбиелі болып елге қызмет етуге шақырды.
Ол өз сөзінде «Адамның қуатты кезеңі – жастық шақ. Сондықтан жастық шақты сапалы өткізуге тырысу керек. Білім ал, алған білімді кемелдену жолына, еліңді дамытуға жұмса», - деді.
Сонымен қатар сауапты амалдарды күн сайын жасап, жақсылыққа ұмтылу керек екенін айтты.
«Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): Кімде кім жастық шағын пайдалы нәрсемен өткізсе, жаман нәрсеге, яғни, ішімдікке, нашақорлыққа, зинақорлыққа, нәпсіқұмарлыққа бармай, жастық шағын жақсы дүниеге, білімге, құлшылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін болса, онда сол жасқа 72 «сиддықтық сауап» нәсіп етеді», - деп хадис айтты.
Кездесу соңында жастар сұрақ қойып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
Айта кетейік, аталған шара Жастар ресурстық орталығында өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы, Жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбекұлы және маңғыстаулық жастар қатысты.